«NNEF» Қоғамдық Қоры

Educational Foundation - Bridge to the Future!

«Teacher of the year» конкурсының жеңімпазы Ирина Кравец

Ең бастысыөзіндік ішкі тәртіп пен  өзбетінше білім алу

Ирина Кравец 2018 жылдан бастап «Арыстан» мамандандырылған лицейінде математикадан сабақ береді. Оның жалпы педагогикалық өтілі - 33 жыл. Ол «Нұрсұлтан Назарбаевтың білім беру қоры» мектептерінде 2021 жылы басталған Teacher of the year байқауының жеңімпазының бірі. 10 қарашада жарыстың екінші жылы басталды, ұйымдастырушылар қатысушылар портфолиосын қабылдауды бастап кетті. Ирина Кравец мұғалімдер үшін өз кеңестерімен бөлісті.

«Teacher of the year» конкурсында қалай жеңіске жетті

«Арыстан» - ерекше және өте қызықты лицей. Мұнда Қазақстан Қарулы күштерінің болашақ элитасы тәрбиеленуде. Маған ерекше оқыту тәжірибесін жинау бақыты бұйырды. Арыстандықтарда өзге мектептер балаларына қарағанда мотивация әлдеқайда жоғары, өйткені олар оқуға түскенге дейін өздеріне нақты өмірлік мақсаттар қояды, өз армандарын жүзеге асыру үшін жақсы оқу керек екенін түсінеді.

«Teacher of the year» конкурсы маған оқушылармен жұмысымды, тәртіп пен табандылық неге жеткізетінін көрсетуге мүмкіндік берді. Шәкірттерім ішінде Әскербек Әбдіқадыр мен Ғалым Секеновті ерекше атап өткім келеді. Екеуі де 2022 жылы ҰБТ тапсырды, бейіндік пән – математика. Олар «Алтын белгі» иегерлері атанды.

Әскербек 10-11 сыныптарда «Жібек жолы» олимпиадасы мен қалалық математика олимпиадасының жүлдегері болды. Әскербек пен Ғалым бірге «Әскери істе сфералық геометрияны қолдану» ғылыми жобасын жазды, онымен жалпы білім беретін пәндер бойынша оқушылардың ғылыми жобаларының республикалық байқауында жеңіске жетті.

Әріптес ұстаздар мен лицей әкімшілігінің қолдауы конкурста маңызды рөл атқарды. Шәкірттерім, әріптестерім және әкімшілігім болмаса, мен жеңімпаз болмас едім!

Кәсіби шеберлік шыңына  қалай жетуге болады

Мен жыл сайын кем дегенде үш біліктілік арттыру курсынан өтемін. Осылайша, 2022 жылы «Өрлеудің» математика бойынша 80 сағаттық біліктілікті арттыру курсын, 120 сағат - EdCrunch «Педагогтердің үздіксіз кәсіби даму бағдарламасы» курсын және 72 сағаттық Kundelik.kz курсын бітірдім. Мен сондай-ақ «Геометрия бойынша практикум» арнайы курсы  бағдарламасының авторымын. Қазір оны Алматы облысының білім департаменті қарастыруда.

Еңбек жолын енді бастаған мұғалімдерге қандай кеңес бересіз

Жұмысты жаңа бастаған мұғалімдерге айтарым – әркім өз ісіне адал  болуы тиіс. Ең бастысы – өзіндік ішкі тәртіп пен өзбетімен іздену. Қиындыққа мойымай,  тоқтаусыз әрекет ету. Биылғы «Teacher of the year»  конкурсына қатысушыларға батыл болуға кеңес берер едім. Басқаның жасағанын, сіз де жасай аласыз. Өз табандылығыңызбен қалаған нәрсеге қол жеткізуге болады. Бұл орайда көп тер төгу қажеттігін естен шығармаған абзал.

Шәкірттерімнің ризалық сезімі мені барлық қиындықты жеңуге жетелейді. Олардың көпшілігі мектепті бітірген соң да  туған күніме орай құттықтаулар жазып, алғыс білдіріп жатады.  Олардың өзін-өзі дамытуына түрткі болғаным үшін рахмет айтады. Бұл оларға өз пайдасын тигізуде: жалпы математика оқытылатын 1-2 курстарда оқу оңайға түседі.

Top