«Teacher of the year» конкурсының жеңімпазы Альмира Аюпова
Уақыт тапшылығына қарамастан қалай табысқа жетуге болады - Teacher of the year жеңімпазынан кеңестер
Альмира Аюпова 1997 жылдан бастап Алматы халықаралық мектебінде жұмыс істейді. Ол «Нұрсұлтан Назарбаевтың білім беру қоры» мектептерінде 2021 жылы бастау алған Teacher of the year конкурсы жеңімпазының бірі. Биылғы 10 қарашада жарыстың екінші жылы басталды, ұйымдастырушылар қатысушылар портфолиосын қабылдауды бастап кетті. Альмира Аюпова мұғалімдер үшін өз кеңестерімен бөлісті.
Teacher of the year конкурсында қалай жеңімпаз атанды
Teacher of the year конкурсын бірден өте қызықты жоба деп таныдым. Мен әрдайым жаңа нәрсе білгім келеді, өз күшімді сынап, шығармашылық әлеуетімді толық пайдаланғым келеді. Алайда, бұған уақыт жете бермейді! Менде қалайда жеңіп шығам деген ой болған жоқ, тек конкурстың барлық тапсырмаларын «жан-тәніммен» орындауға тырыстым. Өзімнің педагогикалық және өмірлік тәжірибеме сүйендім. Сондай-ақ менің жеңісіме сенетін оқушыларым демеу болды!
Teacher of the year конкурсының барлық қатысушылар үшін пайдасы зор - мұндай кәсіби жарыстар әрдайым мұғалімдер ынта-жігерін күшейтеді. Олар біздің бойымызда жұмысты тиімдірек істеуге, жаңа тәсілдер мен оңтайлы оқыту әдістерін іздеп-табуға деген ұмтылысты оятады. Бұл конкурс педагогикалық қоғамдастыққа мәлім болған ерекше тәжірибелерді анықтауға көмектесті. Ең бастысы, әрқайсымыз жұмыста қосымша тәжірибе жинап, өз білігімізді тексердік.
Кәсіби шеберлікті қалай шыңдауға болады
Жақында мен EdCrunch курсынан өттім, Халықаралық Бакалавриат мектептері қауымдастығының конференциясына қатыстым, ағылшын тілін үйренуді жалғастырудамын, мақалалар жазамын, әдістемелік әзірлемелер мен сабақтарымды түрлі қазақстандық басылымдарға жіберемін, әріптестерім үшін ашық сабақтар өткіземін және олардың сабақтарына кіремін, мұғалімдерге арналған халықаралық олимпиадаларға қатысамын.
Берілген толымды жүлде үшін зор алғыс білдіргім келеді, оны ғажайып демалыс пен денсаулығымды түзетуге жұмсадым. Мұның бәрі адамға шабыт сыйлайды. Басты міндетімізді, яғни өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу үшін одан да нәтижелі жұмыс істеуге деген ішкі ниетімізді күшейтеді.
Жұмысты енді бастаған мұғалімдерге қандай кеңес берер едіңіз
Айналаға ара-тұра оқушылар көзімен қарауға тырысыңыз. Алдыңыздағы айтқаныңызға бағынуға міндетті роботтар емес, тірі жан иелері екені есіңізде болсын. Оқушы жанын түсіну үшін оған жанашырлық танытыңыз, сонда онымен ортақ тіл табысу жеңіл болады. Олармен жақын қарым-қатынас орнатуға ұмтылып, олардың өмірі сіз үшін бәрібір емес білдіріңіз. Бұл оларға сабағыңызда өздерін жайлы да еркін сезінуге көмектеседі. Оқушылармен сенімді де адал қатынас орнатуға жұмсалған уақыт жүз есе өтелетініне сенімді болыңыз.
Ата-аналармен байланыс жасаудан жүрексінбеңіз. Ата-ананы өз одақтасыңызға айналдыра біліңіз. Оларға баласы жөнінде шағымдану үшін емес, оның жетістігін хабарлау үшін қоңырау шалыңыз. Немесе шалған қоңырауыңыз олар қандай жақсы бала тәрбиелегені туралы болсын.
Әріптестерге көмек сұрап жүгініңіз, білмегеніңізді сұраңыз. Сізбен бірге бұрын өзіңіз сияқты қиындықтарды басынан өткерген тәжірибелі мұғалімдер жұмыс істейтіні сөзсіз. Олардың қолдауын сұраудан қысылмаңыз.