«Teacher of the year» конкурсының жеңімпазы Алтынай Пірімбетова
Балабақшадағы жұмыс маған сарқылмас қуат береді
Алтынай Пірімбетова 8 жылдан бері Алматыда «Мирас» балабақшасының тәрбиешісі болып жұмыс істейді. Жалпы жұмыс өтілі 17 жылдан жоғары. Ол 2021 жылы «NNEF» қоғамдық қорының мектептерінде басталған «Жыл мұғалімі» конкурсы жеңімпазының бірі. Биылғы 10 қарашада жарыстың екінші жылы басталды, ұйымдастырушылар қатысушылардың портфолиосын қабылдауды бастап та кетті.
Алтынай Пірімбетова мұғалімдер үшін өз кеңестерімен бөлісті.
«Teacher of the year» конкурсында қалай жеңіске жетті
Мен ұзақ ойланып, барлық «оң», «теріс» жақтарын таразыладым, тіпті уайым шектім. Бірақ ақыры бағымды сынап көруге бел байладым. Конкурсқа қатысу мен үшін бұл, ең алдымен, өзімнің кәсіби мәртебемді көтеру, жұмысымды инновациялық әдістерімен байыту және ерекше адамдармен танысу мүмкіндігі.
Бұл өз күшіңді байқап көрудің тамаша мүмкіндігі. Конкурс менің өзіндік даралығымды дамытуға жағдай туғызды, жаңаша ойлауға мәжбүр етті. Мен өзімді жаңа шығармашылық іс-әрекетте сынап көрдім, өз қырларымды, педагог ретінде қабілетімді көрсете алдым.
Конкурстан соң көп уақыт өте қойған жоқ, мен әлі де қалай болғанын ой-елегінен өткізудемін. Маған конкурсқа қарқынды дайындықты күнделікті жұмыспен ұштастыруға тура келді. Мен мұны еңсере алмаймын деп ойладым, бірақ бәрі дұрыс боп шықты: бұған ең алдымен маған әр сатыда қолдау көрсеткен әріптестерімнің арқасында жеттім. Жеңіс өз күшіме деген сенімімді нығайтты. 500 000 теңгелік ұтысымды саяхатқа жұмсадым!
«Нұрсұлтан Назарбаевтың білім беру қоры» қоғамдық қорының жыл сайынғы «Teacher of the year» конкурсына қатысуға, өз-өзімнің үздік нұсқам болуға жасалған мүмкіндік үшін алғыс білдіремін. Қызметімнің жоғары бағалағанына ризамын.
Кәсіби тұрғыдан даму үшін не істеу қажет
Тәрбиеші кәсібін бала кезімнен армандадым. Ол қажырлы еңбек пен шыдамдылықты талап етеді, қоғам алдындағы үлкен жауапкершілікті білдіреді. Маған «Мирастың» кәсіби саладағы үздіктігі, тәрбиеленушілерге қамқорлығы мен білім сапасы, балалармен жұмыс істеудің жаңа идеяларын, әдістері мен формаларын іздеу жолында басшылықтың жағдай туғызуы, әр педагогтің қызмет нәтижелерін объективті бағалауы ұнайды.
Кез-келген кәсіптегі нағыз маман, ең алдымен, тынбай ізденіп, өзін-өзі жетілдірумен айналысуы қажет. Жақында мен бірқатар оқыту семинарлары мен вебинарлардан өттім, соның ішінде біздің балабақша IV Халықаралық Монтессори конференциясына қатысуға, Монтессори әдістемесі арқылы «ерекше балалармен» жұмыс істеуге үйренуге мүмкіндік берді.
Мен сондай-ақ данышпан педагог Шалва Амонашвилидің бейне сабақтарын қарауды ұнатамын. Оның «Педагог өзіне, балаға және ғылымға деген сенімге сүйенуі тиіс. Ғылымнан көптеген сұрақтарға жауап табасың» деген керемет фразасы өте ұнайды.
Маған жұмыстан тыс өмірімдегі белсенділік те көмектеседі. Бұл саяхаттау және қызықты адамдармен пікірлесу. Өзге елдер мәдениетімен танысу қызықты да танымды. Мен үшін саяхат – әрқашан шытырман оқиға!
Жас мұғалімдерге не кеңес берер едіңіз
Балабақшадағы жұмыс маған сарқылмас қуат, айналадағы барлық нәрсеге таңдана және қуана білу қабілетін, шығармашылық шабыт пен балалардан алған жан жылуымен бөлісу ниетін сыйлайды. Біз осы күнге дейін көптеген түлектерімізбен байланыстамыз. Ата-аналар балаларының жетістіктері мен жеңістерімен бөліскенде қуанамын!
Құрметті әріптестер, балаларды, өз жұмысыңызды жақсы көріңіз, сүйікті ісіңізден ләззат алыңыз. Өз біліміңізді үзбей көтерумен айналысыңыз, жұмыста белсенді болудан, қателесуден қорықпаңыз. Сондай-ақ, көмек пен кеңестерден бас тартпаңыз, сонда міндетті түрде табысқа жетеріңіз сөзсіз!