«NNEF» Қоғамдық Қоры

Educational Foundation - Bridge to the Future!

Астана қаласы «Мирас» халықаралық мектебінің оқушысы Іңкәр Мұстафина – «Сіздің басты бәсекелесіңіз – өзіңіз»

Іңкәр Мұстафина 16 жаста. Ол Астанадағы «Мирас» халықаралық мектебінің 11-сынып оқушысы және мектептің Студенттік кеңесінің президенті. Іңкәр бірнеше рет республикалық пәндік олимпиадаларда жүлделі орындарды иеленіп, музыкалық фестивальдерге қатысқаны үшін марапаттар алған. Ол күн сайын өзімен бәсекелесудің не үшін маңызды екенін әңгімеледі.

Күн сайын кешегіден де көбірек нәтижеге жетуге ұмтылу қажет

Соңғы уақытта менің басты мотивациям – өз-өзіммен бәсекеге түсу. Мен күн сайын кешегіден де көбірек нәрсеге қол жеткізгім келеді. Айналадағы адамдардан да шабыт алуға болады. Олардың нәтижелі жұмысын,  жетістіктерін бақылайсың да,  бәріміз үшін тәуліктегі сағат саны бірдей екенін түсінесің. Осыдан күш алып, жұмысқа  кірісесің.

Өмірлік жоспарларың қандай

Қазір мен үш елдің – АҚШ, Ұлыбритания және Нидерланды университеттеріне құжаттарымды тапсыру үстіндемін. Мамандықтар әр университетте біршама өзгеше болғанмен, бәрі де журналистика, медиа және коммуникацияға қатысты. Мені әрдайым өз пікірімді  жеткізу,   өзімді көрсету мүмкіндігі қызықтырады, бұл тұрғыда бұқаралық ақпарат құралдарын зерттеудің көмегі көп деген  ойдамын.   

Мектептегі ауқымды оқу жүктемесі мен университеттерге өтініш жіберу жұмыстарына байланысты бос уақытым өте аз. Әйтсе де, кейде фортепианода ұзақ ойнауды немесе гитараны қолға алуды ұнатамын. Кейде өзімнің бір нәрсемді жазамын.

Табысқа жету құпиясы неде

Егер қандай да бір іске бар күшіңді салсаң, ол өз жемісін береді. Кейде ойлағаныңнан сәл көбірек күш жұмсау қажет болар. Алайда, кез келген істің шешімін тауып,  қалаған нәрсеңе қол жеткізуге болатынын түсіну маңызды.

«Мирас» мектебінде қандай мүмкіндіктер бар

«Мирас» мектебінде оқу Халықаралық бакалавриат бағдарламасы бойынша жүреді, бұл оқушыларға өз бойында мықты академиялық базаны, сондай-ақ маңызды тұлғалық қасиеттерді дамытуына мүмкіндік береді.

Мектептің басты артықшылықтарының бірі - ағылшын тілі деңгейі. Мұғалімдер осы тіл иелері ретінде балалардың ағылшын тілін тез игеруіне  ықпал етеді. Бастауыш сыныптардан бастап «Нұрсұлтан Назарбаевтың білім беру қоры» мектептерінің оқушылары ағылшын тілінде ғана емес, өзге де шет тілдерін еркін қолдана отырып, ағылшын тілдік ортаға тез үйренеді.

«Мирас» студенттерге әлемнің жетекші жоғары оқу орындарына жол ашады. Мұның дәлелі - әлемдегі беделді университеттерге сәтті оқуға түскен мектеп түлектері.

Кімді үлгі тұтасың

Қазақстандық әртістердің соңғы кезде халықаралық сахнаға жиі шығуы қуантады. Біздің музыканттар ТМД бойынша жастар кумиріне айналуда. Мен біреуді мұқият қадағалаймын деп айта алмаймын, бірақ маған қазір Айсұлтан Сейітов шығармашылығы ұнайды. Оны шығармашылық өршілдікті көрсету үлгісі ретінде  тануға болады. Мен Эминемді өте жақсы көремін. Жазу тұрғысынан Бронте әпкелі-сіңлілеріне ұқсағым келер еді.

Top