«NNEF» Қоғамдық Қоры

Educational Foundation - Bridge to the Future!

ҚБТУ беделді америкалық аккредитациядан өтті

 

kbtuobl1

 

Қазақстан-Британ техникалық университеті беделді Accreditation Board for Engineering and Technology (АВЕТ)  халықаралық аккредиттеуінен өтті, оның маңыздылығы келесі бірнеше факторлармен анықталады:

• Оқытудағы академиялық артықшылықтың  расталуы;
• Fortune тізіміне кіретін көптеген халықаралық компаниялар қызметкерлерді таңдау және жалдау кезінде ABET аккредитациясына ие университеттерге артықшылық береді;
• ҚБТУ студенттері әрі қарай оқуға түсу кезінде белгілі әлемдік жоғары оқу орындарының түлектерімен тең мүмкіндікке ие болады;
• Плющ лигасының MIT, Stanford, Harvard және UPenn университеттері АВЕТ аккредитациясына ие;
• АВЕТ логотипін дипломдар мен университет сайтында пайдалану мүмкіндігі.

 

ABET - бұл 32 кәсіби инженерлік қауымдастық ассоциациясы, оның міндеті білім беру бағдарламаларының инженерлік кәсіп стандарттарына сәйкестігін растау болып табылады. ABET қазірдің өзінде әлемнің 40 елінде 895 ЖОО-ның 4564-тен астам білім беру бағдарламаларын аккредиттеді. Ұйымға келесі халықаралық кәсіби қауымдастықтар кіреді:

• IEEE (Электр техникасы және электроника инженерлері институты);
• ASCE (Америкалық азаматтық құрылыс инженерлері қауымдастығы);
• ASEE (Америкалық инженерлік білім беру қоғамы);
• AIChe (Америкалық химиялық инженерлер институты);
• NCEES (Инженерлік-геодезиялық жұмыстар жөніндегі ұлттық емтихан алушылар кеңесі).

 

АҚШ үкіметінің білім департаменті АВЕТ техника, техникалық технологиялар және техникамен байланысты салалардағы білім беру бағдарламаларын аккредиттеуге жауапты жалғыз агенттік деп таниды.

«АВЕТ қолданбалы ғылымдар, информатика, техника және технологиялар саласындағы инновациялардың сапасын қамтамасыз етуде және ынталандыруда мойындалған әлемдік көшбасшы болып саналады. Ұйым ғылым және техниканың дамуы мен соңғы жетістіктерін қадағалайды және жұмыс берушілер талаптарына сәйкес келетін техникалық мамандықтарды даярлау үшін сәйкес стандарттарды белгілейді. АВЕТ сарапшылары біздегі оқыту мен студенттер білімінің өте жоғары деңгейде екенін атап көрсетті.

Әр университет АВЕТ-ке аккредиттелу үшін өтінім бере алады, бірақ бәрі бірдей мақұлдаудан өте бермейді. ТМД елдерінің арасында ҚБТУ-дан өзге (Қазақстан атынан) Грузия аккредиттелген», - деді Қазақстан-Британ техникалық университетінің ректоры Маратбек Ғабдуллин.

ABET аккредитациясынан ҚБТУ бакалавриатының 2023-2028 оқу жылдарына арналған үш білім беру бағдарламасы өтті, олар:

• Ақпараттық жүйелер;
• Есептеу техникасы және бағдарламалық жасақтама;
• Автоматтандыру және басқару.

 

kbtuobl2

 

ҚБТУ осы білім беру бағдарламалары бойынша алғаш рет 2011 жылы ABET аккредитациясын алды. Аккредиттеу 2016 жылы өтті. Университет жұмыс берушілермен бірлесе барлық бағдарламалар мен пәндерді жетілдіру арқылы, оқытудың жоғары сапасын тұрақты негізде қолдап отырады. Кәсіптерге қойылатын талаптардағы соңғы өзгерістер белсенді талқыланады. Дағдылар мен құзыреттердің болашақ сұранысы бойынша болжамдар жасалып, сабақтар өткізу үшін компания өкілдері шақырылады. Университет ашықтық, қолжетімділік, студенттерге бағдарлану сияқты ABET критерийлерін ұстанады. АВЕТ аккредиттеген білім беру бағдарламалары бойынша түлектердің жұмысқа орналасу деңгейі жыл сайын кемінде 95%-ды құрайды.

АВЕТ комиссиясы ҚБТУ өкілдерімен – ректоратпен, ҚБТУ әкімшілігімен, ОПҚ-мен, студенттермен, түлектермен, жұмыс берушілермен онлайн  кездесулер өткізе отырып, университетке оң баға берді. Олар университеттің 2017-2022 жылдар арлаығындағы материалдарын зерттеді. Комиссия мүшелері Google, Booking, Facebook және Honeywell компанияларында жұмыс істейтін ҚБТУ түлектерімен сұхбат жүргізді.

Комиссия студенттердің  hard және soft skills құзыреттері мен дағдылары бойынша, оның ішінде: командада жұмыс істей білу, жобалау жұмыстарын орындау, коммуникабельділік, көшбасшылық даярлығы деңгейінің жоғарылығын атап өтті. ABET тек университетте оқыған кезде студенттердің дайындық деңгейін ғана емес, сонымен қатар олардың мансаптық өсуін де бағалайтынын атап өту маңызды. Оқудың төртінші жылында көптеген студенттердің қолында жетекші халықаралық және қазақстандық компаниялардан жұмысқа шақырулар (job offers) бар.

 

kbtuobl3

 

«ABET аккредитациясынан өткен техникалық мамандықтар бойынша білім беру бағдарламалары бірінші кезекте бүкіл әлем бойынша өнеркәсіпте және қайта даярлаусыз жұмыс істей алатын жоғары білікті мамандар дайындауға бағытталған.

ABET аккредитациясы ҚБТУ студенттеріне академиялық бағдарламаларды үздіксіз жетілдіру бойынша жұмыс жасау арқылы беретін инженерлік білімнің жоғары деңгейін растайды», - деді Ақпараттық технологиялар және инженерия мектебінің профессоры Зарина Самигулина.

ҚБТУ Қазақстан мен Ұлыбританияның үкіметаралық келісімі бойынша құрылды. Құрылған күннен бері университетте өзіндік білім беру дәстүрлері мен құндылықтары қалыптасты. Осы кезеңде ҚБТУ Қазақстандағы жоғары техникалық білімнің көшбасшысы болды. Оқыту сапасы жұмыс берушілердің пікірлерімен және нарықтағы ҚБТУ түлектеріне жоғары сұраныспен расталады. ABET аккредитациясымен қоса, London School of Economics-пен серіктестікті атап өтуге болады.

«ҚБТУ» АҚ-тың жалғыз акционері «Нұрсұлтан Назарбаевтың білім  беру қоры» ҚҚ болып табылады. Қор Қазақстанда ЖОО-ның одан әрі серпінді дамуына және әлемдік білім беру кеңістігіне енуіне жағдай туғызады. ҚБТУ-дың даму стратегиясы материалдық-техникалық және оқу ресурстық базасын нығайту сияқты бағыттарды қамтиды. Стратегияда студенттер мен профессорлық-оқытушылық құрамның әлеуметтік мәселелерін шешу маңызды орын алады. Стратегияға сәйкес, студенттерге арналған тұру жағдайлары жақсартылған екі жаңа жатақхана мен спорт кешенін салу жоспарлануда. Бүгінгі таңда профессорлық-оқытушылық құрамының жалақысы - Қазақстандағы жоғары оқу орындарының ішіндегі ең жоғарысы болып табылады.

Қор ҚБТУ-дың білім беру бағдарламаларын халықаралық деңгейге дейін жетілдіру және жақсарту, олардың халықаралық стандарттарға сәйкестігі жөніндегі бастамаларын қолдайды. Университет жетекші халықаралық аккредиттеу агенттіктерінде техникалық мамандықтар бойынша аккредиттелген білім беру бағдарламаларының санын кеңейтуді жоспарлап отыр.

 

 

 

Top