ННБҚ университеттері Қазақстан Президентіне ғылыми жобаларын таныстырды
Алматыда Қазақстан-Британ техникалық университетінің, Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің және Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің жас ғалымдары Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуге қатысты.
«Ғылым алып индустрияға айналды. Бұл сала бүкіл экономиканы жаңа деңгейге көтеретін сектор ретінде қалыптасуда. Біз бұл әлемдік үрдістен тыс қалмауымыз қажет. Еліміз бірқатар жылдар бойы негізінен мұнайға сүйеніп келді, бірақ қазір басқа уақыт туды. Біз адами капитал табиғи байлықтан маңыздырақ дәуірге аяқ бастық», - деді Президент жиналғандарға.
Мемлекет басшысына Нұрсұлтан Назарбаевтың білім беру қорының құрамына кіретін университеттерде әзірленіп жатқан инновациялық жобалар таныстырылды.
Қазақстан-Британ техникалық университетінің инженері, PhD докторы Пакизар Шамои «Жасанды интеллект пен анық емес түс комбинацияларын пайдалана отырып, түстерді өңдеудің интеллектуалдық жүйесі» жобасын таныстырды. Оның мақсаты - компьютердің түстерді тануын жақсарту. Әлемде бұған ұқсас жүйе жоқ, әзірленімге бүкіл әлем бойынша 60-тан астам ғылыми жобаны ұйымдастырушылар қызығушылық танытуда. Олардың қатарында көзге көрінбейтін ауруларды зерттеумен айналысатын АҚШ ғалымдары мен суреттер бойынша іздеу жүйесін әзірлеушілер де бар.
Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің «Mixed reality lab» ғылыми-зерттеу зертханасының жетекшісі Дана Цой Extended reality сегментіндегі әзірлемелер туралы айтып берді. Ғалымдар визуалдау есебінен физика бойынша тапсырмаларды орындауды жеңілдететін зертханалық жұмыстар кешені, нақты жабдықты пайдаланбай зертханалық жұмыстарды қашықтықтан орындауға арналған цифрлық көптілді білім беру платформасы, дәрігерлерге пациенттердің өміріне қауіп төндірмей практикадан өтуге көмектесетін коронарлық артерияларды стенттеуге үйрету тренажері сияқты қосымшалар жасаған. Өнімдер ХАТУ, АЭжБУ, Тұран, Серікбаев атындағы ШҚМТУ университеттерінде, Рудный индустриалды институтында және Алматы мектептерінде оқу процесіне енгізілді.
Ғ. Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің докторанты Ерлан Кеңесов жасанды интеллектіні пайдалана отырып, электр жүктемелерін болжау жобасы туралы айтып берді. Негізгі міндет - электр станцияларының қосымша жүктемесін азайту үшін жоғары дәлдіктегі жүктемелерді болжау. Жүйе ABB, Siemens және Schneider electric сияқты әлемдік көшбасшылармен бәсекелесе алады. General Electric-те әзірлемеге қызығушылық танытып отыр.