«NNEF» Қоғамдық Қоры

Educational Foundation - Bridge to the Future!

Әрбір бала отбасында өсуі тиіс – «SOS Алматы балалар қалашығы» өзінің 25 жылдығын атап өтті

«Қазақстанның SOS Балалар ауылдары» жобасын ұйымдастырушылар балаларға отбасы шуағын сыйлап, олардың толыққанды дамуы мен қоғамға сәтті араласып кетуіне жағдай жасаумен 25 жылдан бері айналысып келеді. Осы мерзімі ішінде жоба 1997 жылы 31 тәрбиеленушімен ашылған Алматыдағы бір балалар қалашығы ретінде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тәрбиелеуден бастап, бүгінде әлеуметтік жетімдіктің алдын алу мен болдырмауға, бала асырап алушы отбасыларды қолдау мен сүйемелдеуге бағытталған бірқатар әлеуметтік жобаларға дейін өсті.

sos286
Бәрі қалай басталды

«SOS Алматы балалар қалашығының отбасылар мен балалардың әл-ауқатына қосқан әлеуметтік үлесі» атты конференцияға қатысушылар оның 25 жылдық қызметіне қорытынды  жасады. Іс-шараға түлектер, қызметкерлер, құрылтайшылар, қамқоршылар, серіктестер мен демеушілер қатысты.

Қазір SOS балалар қалашықтары Алматыдан өзге, Астана және Теміртауда жұмыс істейді. SOS Балалар қалашығы - бұл 16 жасқа толмаған балаларға қамқорлық жасайтын SOS отбасылар және жасөспірімдер тәуелсіз өмірге үйренетін жастар үйлері. Австрияның Қазақстандағы елшісі доктор Вилли Кемпель конференция қатысушыларына арнаған үндеуінде Қазақстандағы балалар ауылдарының SOS басшылығы мен командасына атқарған орасан зор жұмысы үшін алғысын білдірді. 1949 жылы Австрияда мұғалім Герман Гмайнер Имст қаласында алғашқы SOS балалар ауылын ашқан еді. Қазір әлемнің 136 елінде 580 SOS балалар ауылы жұмыс істейді.

Балалар қалашығының балалар үйінен айырмашылығы неде

Балалар үйінен айырмашылығы SOS Балалар қалашығында  тәрбиеленушілерге мейлінше отбасына жақын қамқорлық көрсетіледі. Туған бауырлар ешқашан ажыратылмайды, биологиялық отбасымен байланыс сақталады - туыстары балаларға келіп тұрады. Қазақстандағы балалар ауылдары қызметіның құқықтық негізі «Отбасы үлгісіндегі балалар ауылдары және жасөспірімдер үйлері туралы» Заңымен айқындалады.

«SOS балалар қалашығы» жұмысында жергілікті билік тұлғасындағы мемлекеттің қолдауы үлкен маңызға ие. Алматы әкімдігі балалар қалашығында балалар тәрбиесінің кешенді процесін қаржыландырады.

«Бұл жұмыстың оң нәтиже беретіні қуантады. «SOS балалар қалашығы» - бұл балаларға бірге туған бауырлар арасында өсуге, отбасы ортасында алаңсыз балалық шағын бастан өткеруге берілген қадам болып табылады. Қала ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға бірдей бастапқы мүмкіндіктер беру үшін жеке бизнеспен ынтымақтастыққа мүдделі. «SOS Балалар қалашығы» моделі 25 жыл бойы керемет нәтиже көрсетіп келеді», - деді Алматы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова.

sos287   sos284

Алматыдағы балалар қалашығының 25 жылдық қызметінде 123 түлек дербес өмірге қадам басты. Олар бүгінде өз отбасын құрып, мансаптарын сәтті дамытуда. SOS балалар қалашығын ұйымдастырудағы мызғымас ұстаным: әрбір баланың өз отбасы болуы, оның сүйіспеншілікке бөленіп,  құрмет пен қауіпсіздікте өсуі тиіс. Алматының SOS балалар қалашығының  33 жастағы түлегі Әсел Рысмендиева жеке компанияда сертификаттау саласында табысты мансап құруда. Ол 8 жасында балалар қалашығына түскен соң өмірінде алғаш рет туған күнін тойлаған болатын.

«Анам маған қуыршақ сатып әперген «Балалар әлемі» дүкеніне алғашқы барғаным есімде. Отбасы маған жылы үй ғана емес, қауіпсіз өмір  сыйлады. Отбасы мен үшін өсіп-жетілудің және қиындықтарды жеңудің ең сенімді орнына айналды. Отбасы маған қателіктерімнен сабақ алуға және оларды қабылдауға, сүйіспеншілік пен қамқорлықта өсуге көмектесті. SOS балалар қалашығының қолдауынсыз бүгін қайда жүрерімді елестету қиын. Жер бетінде анам, әкем, бауырларым бар отбасынан артық құнды орын жоқ. Қазақстанның SOS балалар ауылдары маған отбасын сыйлаумен қоса, өзім  сияқты аға-інілерім мен сіңілілерімнің тағдырына ақыл қосып, кәсіби өсуінде бағыт берудің қаншалықты маңызды екенін түсінуге көмектесті. Алғысым шексіз. Әрбір бала қамқор отбасында өссе екен», - деді «SOS Алматы балалар қалашығының» түлегі Әсел Рысмендиева.

sos283
Болашақта балалар ауылдары қалай дамиды

«SOS Алматы балалар қалашығы» директоры Валерий Дубровский  бүгінгі таңда түлектердің Қазақстаннан өзге Бразилияда, Камбоджада, Польшада, Чехияда, Ресейде және Қырғызстанда тұрып, еңбек етіп жатқанын, қоғамға сәтті араласып кеткенін баяндады.  Ол балаларды SOS-аналардың ғана емес, SOS-жұбайлардың тәрбиелеуі, қоғамдағы өмірге жақсы бейімделуге мүмкіндік беретін балалардың бүкіл отбасымен қалашық аумағында емес, қалалық көп қабатты үйлерде өмір сүруі -  интеграцияланған отбасылар сияқты көптеген жобалар туралы ақпаратпен бөлісті.

2017 жылдан бері өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылар үшін «Асар» дағдарыс орталығы жұмыс істейді. Дағдарыс орталығының арқасында балаларды жалғыз тәрбиелеп отырған аналар мұнда уақытша тұруға ғана емес, сонымен қатар кәсіпті үйренуге/қайта оқуға және өз бетінше ақша тауып, отбасын қамтамасыз етуге мүмкіндік алады.

2019 жылы Алматыдағы балалар үйін трансформациялау бойынша жұмыс жүргізілді, нәтижесінде 48 бала SOS балалар қалашығының отбасыларына қабылданды. Сонымен қатар, 2017 жылдан бастап отбасын қолдау орталығы іске қосылды. 2020 жылдан бастап жоба қызметінің бағытының бірі - бала асырап алушы ата-аналар мектебі (БАМ) - отбасына бала алғысы келетін  азаматтарды психологиялық даярлау болып табылады.

Егер Балалар мен отбасын қолдау орталығы қызметінің әлеуметтік-экономикалық тиімділігі туралы айтатын болсақ, онда келесілерді атап өткен жөн:

- республикамызда балаларға арналған интернаттық мекемелерде жылына бір баланың өмірі үшін мемлекет шамамен 4-5 миллион теңге жұмсайды;
- өмірлік жағдайы қиын отбасындағы балаларды қорғауға бағытталған отбасылармен сауықтыру жұмысына жылына бір бала үшін 500 мың теңге жұмсалады;
- экономикалық тиімділіктен өзге, отбасымен жұмыс, ең алдымен, бала үшін ауыр тиетін  интернатқа жібермей, оның туған отбасында өсуіне мүмкіндік береді.

Қазақстанда бұл әлеуметтік жобаны Сара Алпысқызы Назарбаева қолға алды. Оның бастамасымен 1994 жылы SOS Children ' s Villages International халықаралық ұйымының қолдауымен мемлекеттік емес әлеуметтік ұйым ретінде «Қазақстанның SOS Балалар ауылдары» қоры құрылды. Оның миссиясы: ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды әлеуметтік қолдау жүйесін нығайту және олардың қамқор отбасылық ортада толыққанды дамуы үшін құқықтарын ұсыну. 2018 жылдан бастап «Қазақстанның SOS Балалар ауылдары» корпоративтік қорының қамқоршылық кеңесінің төрағасы Динара Құлыбаева болып табылады.


sos285   sos282

Top