«MIRAS» мектебінің оқушысы Yale University-де оқу үшін толық грант иеленді
Астана қаласындағы «MIRAS» халықаралық мектебінің оқушысы, IB DP-2 дипломдық бағдарламасының студенті М. Нұрғаным әлемдегі ең беделді университеттердің бірі – АҚШ-тың Yale University-не оқуға шақыру алды және оқу ақысын, сол елде тұру ақысын және өзге де шығындарын өтейтін толық грант иегері атанды.
Бұл жай мықты шетелдік университетке оқуға түсу ғана емес. Бұл орасан зор еңбектің, көздеген мақсатқа ұмтылыстың, темірдей тәртіптің және кеңінен армандай білудің нәтижесі.
Yale University – болашақ көшбасшылар, зерттеушілер, жаңашылдар мен әлемді өзгертетін тұлғалар қалыптасатын Плющ лигасына кіретін әлемге әйгілі университет. Бүгін сол ортада – біздің Нұрғаным.
Нұрғанымның өзі «MIRAS» халықаралық мектебінде Тимур Құлыбаевтың Halyk қайырымдылық қорының толық грантымен оқиды. Мұның өзі талантты әрі ынталы жастарға қолдау көрсету олардың өз әлеуетін паш етуге көмектесіп, әлемдік деңгейде білім алуға жол ашатынын растайтын тағы бір дәлел.
Біз Нұрғанымды шынайы мақтан тұтамыз және оны осынау ерекше жетістігімен қуана құттықтаймыз.
Yale University-де білім алу Нұрғанымның келешегіне ашылған даңғыл жол, жарқын жетістіктері мен жаңа жеңістерінің бастауы болсын!