ННБҚ-ның үш студенттік командасы ICPC олимпиадасының әлемдік финалына қатысады
Қазақстан-Британ техникалық университетінің, Astana IT University және Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің командалары 2023 жылы Египетте өтетін International Collegiate Programming Contest бағдарламалау бойынша Халықаралық олимпиаданың финалына өтті.
6 - 7 желтоқсанда Қазақстан-Британ техникалық университетінің қабырғасында «ICPC Northern Eurasia Finals – 2022-2023» халықаралық командалық олимпиадасының жартылай финалы өтті. Бағдарламалау чемпионатына 60 команда қатысты. Алматыда Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және бүкіл Қазақстанның студенттері бас қосты.
Олимпиадаға қатысушылар «командада жұмыс істей білу» және «жеке қасиеттерін көрсету» критерийлері бойынша бағаланады. Әр кезең 5 сағатқа созылады. Командада 3 адам жұмыс істейді, олардың алдында алгоритмдік есептерді шешу міндеті қойылады.
ҚБТУ командасы екінші орын алды. Оның құрамында ҚБТУ Ақпараттық технологиялар және инженерия мектебінің студенттері: Тұрсынбай Дінмұхамед, Қанатұлы Аманбол және Алтыбай Назарбек. Команданың жаттықтырушысы-Аманов Әлімжан.
AITU командасы екінші дәрежелі дипломмен марапатталды. Оның құрамында: Мұратов Әділхан, Қамзабек Нархан және Әлиайдар Әлихан.
Қараша айында ХАТУ студенттік командасы Бангладеш астанасы Даккадағы ICPC World Finals 2022 Dhaka - ға қатысты. ХАТУ құрамасы Айбар Қуанышбай, Батырхан Алтынбеков және Дінмұхаммед Шорманхан 25-орынға ие болып, 2023 жылғы финалға жолдама алды.
«Олимпиадаға түрлі елдердегі 1000 ЖОО қатысады. IT-компаниялар кадрмен сұхбаттасу кезінде осы олимпиаданың дипломын ескереді, өйткені бұл адамның күрделі кодтар мен бағдарламалау бойынша бағдарламаларды қалай құруды білетіндігін көрсетеді. Олар әртүрлі тағылымдамаларға белсенді қабылданады», - деді 2004 жылғы ICPC әлем чемпионы, ICPC Global қазылар алқасының мүшесі Павел Маврин. Олимпиадаға қатысқан көптеген қазақстандықтар қазір Google, Microsoft, Booking.com және Facebook сияқты компанияларда жұмыс істейді,
Нұрсұлтан Назарбаевтың білім беру қоры ҚБТУ, ХАТУ және AITU құрылтайшысы болып табылады және студенттердің халықаралық жиындарға қатысуына демеушілік түрінде қолдау көрсетеді. STEM-білім беруді дамыту Қор жұмысының стратегиялық бағыттарының бірі болып табылады.