«NNEF» Қоғамдық Қоры

Educational Foundation - Bridge to the Future!

«SOS Қазақстан балалар қалашығының» көпбалалы отбасылары қала орталығында екі пәтерге ие болды

                   mWWBe0V3.jpg

2019 жылғы 13 қыркүйекте Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ және  «SOS Қазақстан балалар қалашығы» Қамқоршылар кеңесінің төрайымы, «Нұрсұлтан Назарбаевтың Білім беру қоры» Қоғамдық қорының директоры Динара ҚҰЛЫБАЕВА «Өркендеу» тұрғын үй кешенінде «SOS Қазақстан балалар қалашығының» көпбалалы отбасыларын қоныс тойымен құттықтады.

Алғашқы балалар қалашықтары 1949 жылдары соғыс уақытында ата-анасынан айырылған мыңдаған балалар үшін құрылған еді. Кейіннен бұл әлеуметтік бастама Еуропада қолдау тауып, осы уақытқа дейін әлем бойынша тарап келеді. Биыл Халықаралық «SOS Kinderdorf International» ұйымына 70 жыл толды.

Қазақстанда Балалар қалашықтары елдің Бірінші ханымы Сара Алпысқызы Назарбаеваның бастамасымен 1994 жылы Алматыда, кейін Нұр-Сұлтан мен Теміртау қалаларында құрылған болатын. Үстіміздегі жылдың қарашасында Корпоративті «SOS Қазақстан балалар қалашығы» қоры өзінің 25 жылдығын атап өтеді. Осы уақыт аралығында SOS-отбасыларында 500 астам қазақстандық бала тәрбиеленіп шықты.

2018 жылғы қыркүйекте ҚР БҒМ тапсырмасы бойынша Нұрсұлтан Назарбаевтың Білім беру қоры Корпоративті «SOS Қазақстан балалар қалашығы» қорының ортақ құрылтайшысы атанды.

Ал, 2019 жылы Алматы қ. Әкімдігі, «Нұрсұлтан Назарбаевтың Білім беру» ҚҚ, «Halyk» ЖҚ, «SOS Қазақстан балалар қалашығы» ҚҚ және «Алматы қаласының №1 балалар үйінің» ҚММ арасында «SOS Алматы балалар қалашығын» қолдау және «№1 балалар үйін» алмастыру бойынша кешенді жұмыстарды жүргізу жөнінде өзара ынтымақтасу Меморандумына қол қойылды.

Бүгінгі күндері балаларды және SOS-отбасыларын қалалық ортаға бейімдеу және олардың толыққанды дамуы үшін «SOS Балалар қалашықтары» қызметін ұйымдастырудың жаңа түрлері пайда болуда. 

Меморандумның және «SOS Қазақстан балалар қалашығы» алдында тұрған жаңа міндет-мақсаттарды қолдау аясында «Halyk» қайырымдылық қоры Алматы қаласындағы «Өркендеу» тұрғын үй кешенінде жалпы көлемі 330 шаршы метрден асатын 120 млн теңгеден артық сомаға екі пәтер сатып алды. Бұл пәтерлерге толық жөндеу жұмыстары жүргізілді, қажетті жиһаз бен үй техникасымен жабдықталды. Бір ай бұрын «SOS Алматы балалар қалашықтарының» екі көп балалы отбасы көшіп алған болатын.

Міне, бүгін SOS-отбасылары өз қуаныштарымен бөлісу үшін осы үйлерді сыйлаған абзал жандарды шақыруда! 

         ZIj6KRFm.jpg   luSyf6qZ.jpg  QvIOT0fP (1).jpg

Top