«NNEF» Қоғамдық Қоры

Educational Foundation - Bridge to the Future!

Поздравление с Днем учителя от воспитанников Детского Дома №1 г. Алматы (3)

№40 жалпы білім беретін мектепте 3 қазан күні қарашаңырақтың тірегі – ұлт болашағының мәңгі мызғымастай іргетасын мықтап қалап беруші, қадірлі ұстаздарға арнап №1 Балалар үйінің ұжымы мен тәрбиеленушілерінің ұйымдастыруымен «Ұстаз – биік, әрі мәңгілік» атты салтанатты мерекелік концерт өтті. Айтулы күннің керемет көріністері мектеп сахнасының төрінде ерекше зерделеніп, көпшіліктің көңіл-күйін бір көтеріп тастады.
            Жалынды жырлары, сәнді жүзімен сахнаға көрік берген жүргізуші 9 «Ә» сынып оқушысы – Аманжолова Индира алғашқы құттықтау сөзді айту үшін мерекелік іс-шараны киелі шаңырақтың ұстаздарына арнайы ұйымдастырып концерттік бағдарламасымен келіп отырған №1 балалар үйінің директоры Омарова Ғалия Бейсенқызына сөз берді.
Білім атты теңізден шәкірттерінің кедергісіз жүзіп өтуіне себеп болған ұлағатты ұстаздарға жүрекжарды тілегін арнаған Ғалия Бейсенқызы: «Сіздердің еңбектеріңіз ұшан-теңіз. Осы еңбектеріңіз бағалану керек. Біз әрқашанда өз ұстаздарымызды әлемге паш етуіміз керек» деп, мектеп ұстаздарына деген өзінің ерекше ризашылығын білдірді.
            Білім саласы – елдің ертеңін айқындайтын, оның бәсекелестік қабілетіне ықпал ететін аса маңызды сала. Қоғамның басты байлығы – адам болса, сол «адамның адамшылығы жақсы ұстаздан» деген дана Абай. Халқымыз жақсысын ұлықтаған, қыздарын қызғыштай қорғаған. Солардың өмір жолында жақсылықтар мен барын берген. Төл мерекелерінде төрінен орын беріп, ұстаздардың мерейін көтеру әрқайсысымыздың борышымыз.
            №40ЖББ мектептің ұстаздарына №1 балалар үйінің тәрбиеленушілерінен төмендегідей концерттік номерлер сыйға тартылды: қалалық және республикалық байқаулардың лауреаты «Бозторғай» ансамблінің орындауында Құрманғазының «Сарыарқа» күйі орындалса, «Батырлар ұраны» әнімен қалалық және республикалық байқаулардың жүлдегері Корнеев Романды ән салды. Адам баласының жүрегіндегі қадыр тұтып, құрметтейтін екі ұғым болса, оның бірі – Ұстаз!
            Осы орайда, мектебіміздің белсендісі, үздік оқушымыз Копылова Аннаның орындауында «Алтын өмір-ай» әнін ұстаздарға сыйға тартылды. А.Райымбергеновтың «Секіртпе» күйін осы балалар үйінің тәрбиеленушісі Уразбаев Дархан орындады. Иминова Асияның орындауында А.Маханбетованың «Гүл көбелек» әнін тындадық. Дудкин Артур композитор Т.Мұхамеджановтың «Балалық шақ» күйін орындады. Тәрбиеленушілердің орындауында – испан биі көрсетілді. «Құтты ұя» әнімен – Құдиярова Мадина, Е.Серікбаев «Таңғы қала» әнімен Корнеев Роман, Оглы Абрам және Ниязов Ерасыл А.Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйін орындаса. «Болашаққа қадам!» биін орындағандар Республикалық байқаудың жүлдегерлері «Жас қыран» би тобы.
            №1 балалар үйінің жас өнерпаздарының ұсынған мерекелік бағдарламасы өз мәресіне жетіп, ұстаздарымыздың көркіне ажар ұялатқан бұл концертке ұстаздар қауымы дән риза болды. Мерекелік концерт соңында мектеп директоры Сарбағысов Асқар Темірханұлы №1 балалар үйінің ұжымына және де балалар үйінің тәрбиеленушілеріне мектеп ұжымы атынан зор алғысын білдірді.

Top