Общественный Фонд «NNEF»

Educational Foundation - Bridge to the Future!

Көшбасшы әйелдер – қоғамды оң өзгеріске жетелейтін күш!

6 наурыз күні Астана қаласында «Көшбасшы әйелдер: президенттік бастамаларды қолдау» атты митап өтті. Бұл шара түрлі салаларда еңбек етіп жүрген әйел көшбасшыларды – кәсіпкер ханымдарды, білім беру, әлеуметтік және мәдени жобаларда белсенділік танытып жүрген мамандарды бір алаңда тоғыстырды.

Митап аясында қатысушылар елдің дамуына өз үлесін қосып жүрген көшбасшы әйелдердің өмірлік тәжірибесімен, кәсіби жолымен және шабыттандырар оқиғаларымен танысты. Кештің мазмұны терең, форматы ашық және бейресми сипатта өтті – бұл өзара пікір алмасуға, ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін талқылауға үлкен мүмкіндік берді.

Шара спикерлерінің қатарында NNEF қорының басқаруындағы «Мирас» халықаралық мектебінің директоры Хамитова Елена Михайловна да болды. Ол «IB білім беру бағдарламаларындағы экологиялық сана және тұрақты даму» тақырыбында сөз сөйлеп, заманауи білім беру жүйесіндегі экологиялық мәдениеттің маңыздылығына тоқталды. Спикер өз сөзінде оқушылардың табиғатқа жанашырлықпен қарауын қалыптастыру – болашақ ұрпақ үшін жаһандық жауапкершілікті арттырудың негізі екенін атап өтті.

Мұндай кездесулер – тәжірибе алмасуға, идеялармен бөлісуге және жаңа ынтымақтастық бастамаларын дамытуға бағытталған тиімді диалог алаңы. NNEF қоры білім беру саласындағы әйел көшбасшылардың белсенділігін әрдайым қолдай отырып, олардың кәсіби өсімі мен қоғамдағы рөлін арттыру жолында нақты қадамдар жасауды жалғастырады.

Top