Қор жобалар Қор жобалар

Мамандырылған «Арыстан» лицейі – әскери тәртіпке құрылған, физика, математика, информатика, ағылшын және қазақ тілдерін тереңдетіп оқытатын интернат типті мемлекеттік емес орта білім беретін оқу орны. Лицей 2011 жылдың қаңтарынан бастап жұмыс жасап келеді.

Мамандырылған «Арыстан» лицейі

Мамандырылған «Арыстан» лицейі – әскери тәртіпке құрылған, физика, математика, информатика, ағылшын және қазақ тілдерін тереңдетіп оқытатын интернат типті мемлекеттік емес орта білім беретін оқу орны. Лицей 2011 жылдың қаңтарынан бастап жұмыс жасап келеді.

Бұл жоба әлеуметтік бағыттылыққа ие: лицейдегі оқыту мен оқушылардың барлық жағдайын жасау ақысыз (қайырымдылық) негізде жүзеге асырылады, оқуға қабылдау кезінде жағдайы нашар және көпбалалы жанұялардан шыққан балаларға артықшылық беріледі. Лицейде Қазақстанның барлық өңірінен 9-11 сыныптардың ер балалары оқиды, мектепке қабылдау конкурстық негізде жүзеге асырылады.

Лицейдегі оқу-тәрбие процесі жоғары деңгейдегі біліммен қамтамасыз етуге, тұлғаның батылдық, төзімділік, табандылық, қайсарлық қасиеттерін тәрбиелеуге, жоғары мәдениетке баулуға, патриоттық және азаматтық парыз сезімдерін дамытуға бағытталған.

Лицейліктердің білім алуы үшін Алматы қаласының төңірегіндегі Іле Алатауының бөктерінде заманауи білім беру кешені салынған. Лицей оқу кабинеттерімен, зертханалармен, дәрісханалармен, ақпараттық-кітапханалық және мәдени-демалыс орталықтармен жабдықталған. Лицейліктердің толыққанды физикалық тұрғыда дамуы үшін көпфункционалды спорт залы, бассейн, бокспен, күреспен, зілтемір көтерумен және т.б. айналысуға арналған залдар қарастырылған. Жаздық спорт базасы жасанды төсем жабылған футбол алаңымен, теннис кортымен, волейбол, баскетбол алаңдарымен, гимнастикалық қалашықпен, кедергілері бар әскери жолдармен жабдықталған.

Әскери тәртіп, әскери іс негіздерін тереңірек меңгеруді қамтамасыз ететін мамандандырылған оқыту бағдарламасы және алғашқы әскери дайындықтың заманауи базасының болуы балалардың бойында көшбасшыға тән қасиеттерді, темірдей тәртіптілікті, ұйымшылдықты және өзіне деген сенімділікті тәрбиелеуге мүмкіндік береді. Бұған өмірлік және әскери іс-тәжірибесі мол білікті тәрбиеші-тәлімгерлер көмектеседі. Алғашқы әскери дайындықтың бағдарламасының ең маңызды ерекшелігі оның практикалық бағыттылығы болып табылады, яғни лицейліктер ҚР ҚК-нің Құрлық әскері Әскери институтының оқу орталығында оқуға мүмкіндік алады, дала жағдайындағы әскери шеберліктің практикалық дағдыларын меңгереді.

2013 жылы 27 сәуірде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Арыстан» лицейіне келді. Мемлекет басшысы лицейліктердің ант қабылдауына байланысты салтанатты іс-шараға  қатысып, лицей жұмысына жоғары баға берді.