Жаңалықтар "Арыстан" мамандандырылған лицейіне - 5 жыл!!!

2016 жылдың 23 сәуірінде «Арыстан» мамандандырылған лицейінің 5 жылдығын тойлаумен қатар 9-сынып лицеистерінің салтанатты Ант қабылдау рәсімі аталып өтті.

«Арыстан» мамандандырылған лицейі — «Нұрсұлтан Назарбаевтың Білім беру қоры» Қоғамдық қорының қамқорлығымен жүзеге асырылған заманауи білім беру кешені. Осынау бір сырт келбеті айбынды білім ошағы Алатаудың  бөктеріндегі Алматы облысы Талғар ауданы Бесқайнар ауылында орналасқан. Бұл жерде қайырымдылық негізінде Қазақстанның барлық аумағынан келген тоғыз бен он бірінші сынып аралығындағы жасөспірімдер білім алады.

«Арыстан»  мамандандырылған лицейін бүгінгі таңда республика аумағы мен шетелдер жақсы танып үлгерген. Мұндай танымдылыққа ие болуға бітіруші лицей түлектерінің нәтижелері де үлкен әсер етіп келеді. Лицей түлектері  еліміздің  және шетелдік елдердің әскери оқу орындарында осы лицейге лайықты білім сапасының  биік деңгейін көрсетіп, лицей атына лайықты түрде білімдерін жалғастыруда.

Лицеистер үшін қазіргі заман сұраныстарына сай жабдықталған оқу, тұрғын, әкімшілік-мәдени және әскери-спорттық корпустары, медициналық орталықтары, 20 мың данадан артық кітап қоры қамтылған кітапхана мен асханасы бар оқу кешені тұрғызылып, оқытушыларға арнап тұрғын үйі салынған. Лицейдегі оқу-тәрбие жұмыстары жаңа технологияларды кеңінен пайдалануға негізделген. Аталған оқу орнының келбетін дәл осы жаңа үлгідегі дизайн мен иновациялық технологиялар ашып тұрғандай.

Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаев 2013 жылдың сәуір айындағы «Арыстан» лицейіне келген сапарында аталған оқу орнына үлкен баға беріп, қазіргі осы жаңартпашылық-қайырымдылық жобалар  мемлекеттік-жеке серіктестік құрылымы арқылы жастарға жеке капиталды бағыттаудағы    кеңейтілген, қолжетімді, сапалы білім берудің көрнекті үлгісі болатынын ерекше атап өткен болатын. Осындай ел азаматтары барда, қазақстандықтардың келешегіне үлкен сенім арта түсетіні анық.

«Арыстан» мамандандырылған лицейінің 5 жылдық мерейтойының концерттік бағдарламасы барысында әскери өмірдің тарихына үңілуге мүмкіндік берді. Осы 5 жыл ішінде лицей өз дәстүрлерін қалыптастырып үлгерген екен. Лицейдің өз Туы, Эмблемасы, Әнұраны, Ар кодексі мен Ант қабылдау рәсімі бар.

Мерекелік күндерді жоғары кәсіби  дәрежеде атап өту «Арыстан» мамандандырылған лицейінің дәстүріне айналған секілді. Лицейдің меретойы өзіне тән ерекшеліктерді толығымен қамтып өтті. Бағдарлама қазақша әрі орыс тілдерінде қатар жүргізілді.

Айтулы мерекеге Алматы қаласы әкімшілік аппарат мүшелері, Алматы облысы Талғар ауданының өкілдері, ҚР Қарулы Күштер құрылуының басында тұрған генералдар мен офицерлер, жоғары әскери оқу орындары мен әскери кафедра бастықтары, қонақтар мен ата-аналар, сонымен қатар қарулы күштерінің концерттік бригадасы қатысып, өздерінің жылы лебіздерін білдірді.