Жаңалықтар «Арыстан» лицейінде «Бітірушілер күні» мен салтанатты Ант қабылдау мерекесі

2015 жылдың 6 маусымында «Арыстан» мамандандырылған лицейінде 11-сынып түлектерінің «Бітіруші күніне», әрі 9-сынып лицеистерінің Ант қабылдауына арналған мерекелік іс-шара аталып өтті.
Мерекеге Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі орынбасары, генерал майор Т.C. Мұхтаров, «Нұрсұлтан Назарбаевтың Білім беру қоры» ҚҚ Қамқоршылар Кеңесінің төрағасы Т.А.Кулибаев, Алматы облысы әкімі орынбасары С.М, Турдалиев, басқа да шақырылған құрметті қонақтар қатысты.
Мерекелік шара салтанатты түзілімнен басталды. Саптың дайындығына қатысты әскери рапорт тапсырылғаннан кейінгі оркестрдің сүйемелдеуімен басталған Лицей Туын алып кіру өте әсерлі болды. Тік бұрышты ақ матадағы эмблемада «МІНДЕТ, АБЫРОЙ, ЕРЛІК» деген жазулары бар Лицей Туымен қоштасып, оны келер жалғастырушы топқа табыстау рәсімі барысында бітіруші лицеистердің өз білім ордасына деген қимастық сезімі бүкіл қатысушы топқа сезіліп тұрды.
Бұл күн – бүкіл лицей үшін өте маңызды күн болды. 9 сынып лицеистері Лицей абыройын биіктетуге уәде беріп, өз Отанына, туған еліне, Қазақстан Республикасының Президентіне соңғы демі қалғанынша адал қызмет етуге Ант қабылдады. Ұлы істер осылайша ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын тауып, дәстүр сабақтастығын тудырады. Елдік те, ерлік те тәрбиеден басталады.