Қор туралы Қор туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің бастамасымен 1998 жылдың 15 желтоқсанында «Нұрсұлтан Назарбаевтың Білім Қоры» қоғамдық қоры құрылды. Қордың қызметі инновацияны біртіндеп кезең-кезеңмен игеруде айқын мақсат қою және оны жүзеге асыру құралдары мен жолдарын таңдауға бағытталған жобалау принципіне негізделген. Қордың Миссиясы – Қазақстанның білім беру жүйесін халықаралық стандарттарға сәйкес дамытуға қолдау көрсету.

Қор туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің бастамасымен 1998 жылдың 15 желтоқсанында «Нұрсұлтан Назарбаевтың Білім Қоры» қоғамдық қоры құрылды. Қордың қызметі инновацияны біртіндеп кезең-кезеңмен игеруде айқын мақсат қою және оны жүзеге асыру құралдары мен жолдарын таңдауға бағытталған жобалау принципіне негізделген. Қордың Миссиясы – Қазақстанның білім беру жүйесін халықаралық стандарттарға сәйкес дамытуға қолдау көрсету.

Білім Қорының басшылығымен Алматы және Астана қалаларында инновациялық «Мирас» мектептері, Алматы халықаралық мектебі, «Мирас» балалар бақшасы, «Арыстан» әскери лицейі ашылды. Қор мектептеріндегі білім беру процесі оқушылардың тұлғалық қасиеттері мен әлеуетті мүмкіндіктерін дамыту үшін оңтайлы жағдай жасауға, қоршаған әлеммен өзара байланыста болу, өздігінен және сыни тұрғыда ойлау, өзін еркін тани және көрсете білу дағдыларын қалыптастыруға бағытталған.

Білім беру қызметін жүзеге асыру үшін сапалы жағдайлар жасау Қор мектептеріне халықаралық ұйымдардың: Халықаралық Мектептер Кеңесінің (CIS – Council of International Schools), Жаңа Англия Мектептері мен Колледждері Ассоциациясының (NEASС – New England Association of Schools and Colleges) аккредитациясынан ойдағыдай өтуге мүмкіндік берді. ТМД елдері бойынша мұндай мәртебесі бар мектептер үшеу: оның екеуі – Алматы және Астана қалаларындағы «Мирас» мектептері. «Мирас» мектептері негізгі мектепті бітіргені туралы Халықаралық Сертификатқа емтихан (IGCSE – Британ стандарты) қабылдайтын Халықаралық Емтихан Орталығы ретінде Кембридж университетінің аккредитациясынан өтті.

Қор мектептері Халықаралық Бакалавриаттың (IB – International Baccalaureate) білім беру бағдарламаларының авторизациясынан да ойдағыдай өтті. Үш мектептің үшеуі де бастауыш (IBPYP – Primary Years Programme) және негізгі (IB MYP – Middle Years Programme) мектептердің бағдарламалары бойынша авторизациядан өтіп, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі қабылдаған, негізгі мектепті бітіргені туралы қазақстандық куәлікке пара-пар келетін Халықаралық Сертификат алды.

Алматы және Астана қалаларындағы «Мирас» мектептері жоғарғы сатыдағы бейінді оқытуды ұйымдастырудың беделді әрі сапалық тұрғыдағы жаңа формасы болып табылатын және бағдарламаны ойдағыдай меңгерген жағдайда әлемдегі жетекші университеттерге қабылдау емтиханынсыз түсуге құқық беретін Дипломдық Бағдарлама (11 – 12 сыныптар) (IB DP – Diploma Programme) бойынша авторизациядан өткен. Бүгінгі таңда Дипломдық Бағдарлама түлектері Қазақстан, Англия, Индия, Испания, Канада, Қытай, Сингапур, АҚШ және Франция елдерінің жетекші университеттерінде білім алуда.

2012 жылдың ақпан айында Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Қор мектептеріне халықаралық мектеп мәртебесі берілді.

2011 жылдан бері мамандандырылған «Арыстан» лицейі құрылып, белсенді қызмет жасап келеді. Бұл жоба әлеуметтік бағыттылыққа ие: лицейдегі оқыту мен оқушылардың барлық жағдайын жасау қайырымдылық негізде ақысыз жүзеге асырылады, оқуға қабылдау кезінде жағдайы нашар және көпбалалы жанұялардан шыққан балаларға артықшылық беріледі.

Білім Қоры екі жоғары оқу орнының: Халықаралық Бизнес университеті (UIB) мен Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің (IITU) тең құрылтайшысы болып табылады.

2007 жылы Ақтау қаласында Маңғыстау облысы әкімшілігімен,  Kvaerner Caspian Fabrication норвег өндірістік компаниясымен және RKK (Рогаланд округінің білім беру және мамандықты арттыру орталығы, Норвегия)  бірлестікте Ақтау тренинг орталығы (АТО) құрылды, оның қызметі мұнай-газ саласы үшін жұмысшы мамандарын халықаралық стандарттарға сәйкес дайындау және сертификаттауға бағытталған.

Қазіргі таңда Алматы және Атырау қалаларында екі инновациялық «Мирас» бала бақшаларын салу жұмысы жүріп жатыр. Қордың жаңа бала бақшаларында балаларды тәрбиелеу және оқыту ісі 2 жастан бастап мектепке дейінгі кезеңді қамтып, «Мирас» кіріктірілген білім бағдарламалары бойынша Монтессори педагогикасы элементтерін қолдана отырып жүзеге асырылады.

Білім Қоры ұйымдары инновациялық мазмұнымен ғана емес, архитектурасының сәнділігімен, оқу ғимараттарының қызметтік мүмкіндіктерімен, жарық әрі кең оқу бөлмелерімен, заманауи құрал-құрылғылармен жабдықталған зертханаларымен, пәндік кабинеттерімен, спорттық кешендерімен, музыка залдарымен және сурет студияларымен ерекшеленеді.