Қор туралы Қор туралы

Қор миссиясын жүзеге асырудың нәтижесі Қазақстан Республикасында мектептердің халықаралық үлгідегі жаңа моделін құру, орта, кәсіптік және жоғары білім беру жүйесінде инновациялық процестерді қолдау болып табылады.

Қордың Директорының үндеуы

Қымбатты достар! Құрметті әріптестер!

Нұрсұлтан Назарбаевтың Білім Қорын құру идеясы 15 жыл бұрын дүниеге келді. Осы уақыт аралығында шын мәнінде мақтаныш етерліктей маңызды нәтижелерге қол жеткіздік. Біздің Халықаралық Бакалавриат мектептері оқушылардың дарындылығын ашып, жан-жақты академиялық білім береді, әрбір баланың тұлғасын дамытып, әлемдегі ең озық университеттерге жол ашады. Ұстаздарымыз оқушылардың бойында көшбасшылық сапа қалыптастырып, жауапкершілікке, адалдыққа және белсенді азаматтық ұстанымға  тәрбиелейді.

Қазақстанның Ұлттық Стратегиясының негізгі бағыттарында білім берудің заманауи және тиімді жүйесін құру басты мақсат ретінде айқындалған. Қор миссиясын жүзеге асырудың нәтижесі Қазақстан Республикасында мектептердің халықаралық үлгідегі жаңа моделін құру, орта, кәсіптік және жоғары білім беру жүйесінде инновациялық процестерді қолдау болып табылады. Қор мектептерінің білім беру бағдарламалары біздің студенттеріміздің бойында қазақ халқының мәдени мұраларын сақтай отырып, басқа ұлттардың тілі мен салт-дәстүрін білуге және құрметтеуге ынта-ықыласын, халықаралық хабардарлығын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Мектептердің халықаралық аккредитациясын және IB бағдарламаларының авторизациясын алуы біздің барлық мектептеріміздің  жоғары халықаралық стандарттар талаптарына сәйкес келетін мүлдем жаңа үлгідегі білім беру мекемесі болып табылатынын дәлелдейді.

Біз балаларды өзінің мүмкіндігін бағалауға, өз күшіне деген сенімділігімен өзін-өзі жігерлендіруге, білім алуда үлкен табандылық танытуға, алған бағытынан қайтпауға үйретеміз. Олардың бойына жақсылық пен жамандық, әділдік пен адалдық туралы түсінікті сіңіреміз. Себебі, ақыл, жақсылық және әділдік әрқашан да  жеңіске жетуі тиіс! Біздің оқушыларымыздың өмірі – өте қызық, қуаныш пен шаттыққа, жаңалыққа толы! Ұстаздарымыз терең білімділігімен, әр баланың жанына, жүрегіне жол таба алуымен ерекшеленеді. Бұл олардың керек кезінде қатал және талап қойғыш болуына кедергі жасамайды.

Біздің «Мирас» мектептеріміз оқушылардың жан-жақты дамуына қолайлы озық білім беру технологиялары мен әдістемелерін жинақтады. Біздің мақсатымыз дұрыс, алар асуымыз – биік! Оқушылар мен олардың ата-аналарының сауалнамаға берген жауаптары, емтихан нәтижелері, түлектеріміздің әлемнің ең үздік университеттеріне оқуға түсуі біздің алға қойған міндеттерімізді ойдағыдай атқарып жатқанымызды көрсетеді. Мектептерімізде әрдайым жақсылық пен жылу, шығармашылық пен таным қуанышы орнасын!

Ұстаздарымызға, оқушыларымыз бен олардың ата-аналарына, біздің серіктестерімізге, Қордың ниеттестері мен достарына алғыс білдіре отырып, барлығыңызға алдағы уақыттарда да адамның іргелі құқықтарының бірі – сапалы білім алу құқығын қамтамасыз етуде жемісті еңбек тілеймін.

Динара Кулибаева,
Нұрсұлтан Назарбаевтың
Білім Қорының директоры,
педагогика ғылымдарының докторы,
ҚР ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі